• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Қыркүйек, 21:11:07
Алматы
+35°

Еліміздегі «Қаңтар қасіретінен» кейін оқиғаға байланысты көптеген сұрақтар қойылып жатыр. Елдің көңіл-күйі, қымбатшылық, әлеуметтік теңсіздік т.б. көптеген мәселелерден әркім өз саласы бойынша жауап табуға тырысып жатқанын аңғарамыз. Соңғы күндері елде қандай да бір жағдай бола қалса, жылт ете қалатын әсіредіншіл топтар мәселесі де ақпарат беттерінен көрініс таба бастады. Осыған байланысты дін саласында жүргендіктен маған да біраз сұрақтар қойылып жатыр. Әсіресе Қазақтанда 2018 жылдың қазан айынан бастап сот шешімімен тыйым салынған «Йақын Инкар» тобы жақтастарының ұсталуы, олардың еліміздегі террорлық істерге қатысы, салафилік-уахабилік тараптардың қатысу ықтималдығына қатысты сұрақтар бар. Енді осы мәселеге тоқталмас бұрын жеке бір ойымды білдіре кетсем.

Елдегі дүрбелең, әсіресе Алматыдағы жағдай мен үшін әлі толық түсініксіз. Себебі, тергеу жұмыстары бойынша нақты жауап шыққан жоқ. Оның үстіне жасалған шабуылдар мен олардың бағыттылығын қарап отырып үшінші күштердің болуын жоққа шығару да мүмкін емес.

 

Олай болса, ең үлкен сұрақ елдің қауіпсіздік саласының жауапты тұлғалары мен мамандарына қойылуы керек деп ойлаймын. Ал енді болған лаңкестік жағдайды діни сипатта деп айту асығыстық немесе кінәні басқаға жабу болары сөзсіз. Әрине, бірнеше сұхбаттардан, куәгерлердің сөздерінен, видеоматериалдардан бүлікшілердің арасында дін ұстанатын адамдардың болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе Батыс Қазақстан облысында қару, Алматыда тоналған заттар табылған автокөліктегілер радикалды топ өкілдері деген хабар тарады. Сонымен қатар, Алматыда белсенділігі байқалған кейбір топтардың лидерлерінің де дінге қатыстылығы көзден таса емес. Олай болса, бұл топтар кімнің бұйрығымен жүр, олардың тобында қанша адам болды, олардың билік өкілдерімен, қауіпсіздік саласы басшыларымен қаншалықты байланысы болды деген сияқты сұрақтарға жауапты тергеу анықтауы тиіс.

 

Бізге тиесілі дүние, анық мәселе, еліміздегі радикалды топтардың бар екендігі. Олармен қанша жылдармен оңалту, ағартушылық жұмыстардың жасалып келгендігі. Алайда белгілі бір тұлғалардың ықпалына байланысты болар, болмаса белгілі бір мүдделі мекемелердің мүддесіне бола салаға бөлінген қыруар қаржы нақты сол салада оңалту жұмысына жұмсалмағандығы анық болды. Өзім де үнемі Республикалық түсіндіру тобы мүшесі ретінде осы бағыттағы жұмыстарға араласып жүрмін. Білікті мамандар жалақының аздығына байланысты тұрақтамау, мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырысты жеңіп алған қорлар мен ұйымдардың кәсібилігінің төмендігі, қаражатының өте аздығы (2017-2021 жылдарға кейбір деректер бойынша экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін 270 млрд. қаражат бөлінген), теолог мамандардың радикализм бойынша тізімде тұрған азаматтардың үйін аралап, есігін қағып жүруі сияқты шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Ал мемлекеттік тапсырыс пен оңалту жұмыстарына осының бірнеше пайызы ғана беріледі. Сондықтан, бұл жерде үлкен сұрақтар туындайды және неге дерадикализация жұмысында нәтиже төмен деген сұраққа жауап та бар.

Енді Алматы оқиғасында «Йақын Инкар» ұйымының қатыстылығы қаншалықты ықтимал, немесе бұл ұйым мүшелерінің діни-саяси ұстанымдары қандай деген мәселеге келсек.

Осы ұйымға қатысты ақпараттар шыға салып біраз материалдарды қарадым. Ұйымға қатысты тұшымды мәлімет жоқтың қасы. Тек бірнеше қырғыз тілінде материалдар жарық көрген екен кезінде. Бізде шыққан бірен-сараң мақала-сұхбаттарда сол жердегі мәліметтерді пайдаланыпты. Қысқасы бұл ұйым бізге таныс емес. Тек таныстығы олардың Таблиғи-Жамағат ұйымының бір тармағы саналуында ғана. Ал Таблиғи-Жамағат ұйымы бұрыннан белгілі ұйымдардың бірі және олардың діни-саяси ұстанымдарынан да азды-көпті хабарымыз бар.

Соңғы кездерде Ауғанстандағы болған жағдайларға байланысты осы Үнді-Пәкістандық діни мектептерге тиесілі топтардың мәселесі қоғамда қайта көтеріле бастаған еді. Жалпы осы аймақтың тұрақтылығының бұзылуында діни фактор жоқ деп айта алмаймыз. Үндістан мен Пәкістанның арасындағы территориялық дау, Талибандардың билікке келуі, Орта Азия елдерімен шекаралардағы жанжал сияқты жағдайларда қарулы діни радикалды топтардың үлесі мен қатыстылығы дау тудырмайды. Алысқа бармай-ақ көрші Қырғызстанда да аталмыш ұйым жақтастарына байланысты біраз мәселе туындаған. Сондықтан «жау жоқ деме, жар астында» дегендей бұл ұйымдар сүттен ақ, судан таза еді деп айтуға келмейді. Бірақ олар саясатпен байланысы жоқ, бейкүнә дін ұстанушылары еді деген пікірлер де кездесіп жатыр.

Қандай діни ұйым болмасын егер шет елден нұсқау алатын болса еліміз үшін қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен бірге, бұл жерде тек діни көзқарас емес, саяси астар болуы да мүмкін деп ойлаймын. Себебі, әлемдік алпауыттар жемге таласқан бөрідей кішігірім мемлекеттерде өздерінің басымдығын байқату мақсатында ойындар ұйымдастыруы мүмкін. Себебі, қазір мен діни терроризм деген мәселе мүлде басқаша қарайтын болдым. Себебі, қандай да бір террорлық жағдай, ұйым, мәселенің астарына үңілгенде ол жердегі алпауыттардың мүддесінің шеті көрінеді. Таяу шығыста, Ауғанстанда қай жерде болмасын осы мүдделер соғысы жүріп жатыр. Сондықтан егер сендер бізге арқа сүйемесеңдер, сендерді «пәленшелер» басып алады деген сияқты үрей туғызу саясаты бар болуы да мүмкін ғой!

 

Жақсы, енді не істейміз, мемлекеттегі дін саясаты мен осы саладағы жұмыстарды қайта пысықтау керек. Қандай танымал тұлға болмасын, егер қандай да деструктивті ұйыммен байланысы анықталса, объективті шара қабылдануы қажет. Әрі кез-келген діни сипаттағы ұйым мен олардың жақтастарының қаржылық көздеріне бақылау жүргізу керек. Себебі кім ақша берсе, соның сойылы соғылады.

 

Әрі осы салада қызмет жасап жүрген мамандардың әлеуметін пайдалана отырып алдағы жылдарға арналған нақты жоспарлар қабылдануы керек. Еліміздегі радикалды исламдық ағымдар мен прозелитистік ұйымдарға қатысты мемлекеттік ұстанымын құқықтық түрде айқындау керек. Тіркелсін, мейлі тіркелмесін. Білім беру ұйымдарындағы дінтануға қатысты курстардың мазмұнын жетілдіре отырып нақты тәрбиелік сипатын арттыру сияқты ұсыныстар жасауға болады. Жасалған жұмыстар жоқ емес, жасалатын жұмыс та көп. Сондықтан тоқмейілсуге болмайды.

Сөз соңында «Қаңтар қасіреті» кезінде қара жамылған отбасыларға көңіл айтамын! Өткен апта барлық қаза тапқан бейкүнә жандардың рухына арнап Құран оқыдық! Алла қабыл етсін, айдың-күннің аманында оққа ұшып мерт болғандардың иманы жолдас болсын, ал жараланғандарға тез сауығып кетуін, жала жабылғандардың тез арада ақталуын, ал кінәлілердің тез табылуын және лайықты жазасын алуын тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Кеңшілік Тышқанұлы

Дінтанушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір